ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда мас күйінде жол апатын жасаған полицей қызметінен қуылды. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті тәртіптік комиссиясының 21 маусымдағы шешімімен теріс іс-қылық жасағаны үшін Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Берік Ибрашев ішкі істер органдарынан босатылды. Оның тікелей басшылары да қатаң тәртіптік жауапкершілік тартылды.
Сондай-ақ Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 21 маусымдағы қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес Б.Ибрашев жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция қызметкерінің мас күйінде жол апатына ұшырағанын және оның ісі сотта қаралғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).