ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда мас жүргізуші көлігімен қағып кеткен 46 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 13 маусым күні таңғы сағат 07.00 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы бойында болған.
«Жигули» аялдамасы тұсында 1975 жылғы жүргізуші жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Жол апаты салдарынан түрлі дене жарақаттарын алған 1976 жылғы әйел ауруханаға жеткізілді. Медициналық куәландыру жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас күйінде болғандығын көрсетті. Қазіргі кезде автокөлік арнайы тұраққа қойылды. ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған әйелдің жағдайы ауыр.
Аяғы, қабырғалары сынған, кеудесінен қатты соққы алған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 18 жастағы жүргізушінің қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).