ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бос тұрған «Мастер» құрылыс материалдары дүкені өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға 7 сәуір күні Құрманғазы көшесі 112/2-мекенжайында орын алды.
Қала орталығында орналасқан, жұмыс жасамай тұрған дүкеннің төбесі жанды.
Өрт аумағы 50 шаршы метрді қамтыды.
«Тілсіз жау» өрт сөндірушілердің күшімен (13 адам, 2 техника) сағат 14.01-де ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ.
«Ғимаратта өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы зор. Соның ішінде төбеге шығатын, жертөлеге түсетін есіктер құлыптаулы болуы тиіс», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бос тұрған ғимараттың өртенгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).