Оралда «Матай - аңыздың басы» атты деректі фильмнің таныстырылымы болды

None
ОРАЛ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында 14 қаңтарда Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген «Матай - аңыздың басы» атты деректі фильмнің таныстырылымы болды.

Деректі фильм атақты конструктор, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ресей батыры, генерал-лейтенант, қазіргі кезде Ижевск қаласында тұратын 92 жастағы Михаил Калашниковтың алғашқы автомат үлгісін Қазақстанның Матай стансасында (Алматы облысы) жасап шығарғанын әңгімелейді. Алтай өлкесінде дүниеге келіп, соғысқа дейін-ақ Матай стансасында тұрып, теміржол депосында еңбек еткен М.Калашников майданнан жаралы болып оралғаннан кейін жауға тойтарыс беретін мықты құрал ойлап тапқанша тыным таппайды. Ақыры 1942 жылы деподағы мамандар көмегімен бірінші пистолет-пулемет жасап, оны Алматыға апарады. Көп ұзамай екіншісі де «дүниеге келеді». Сөйтіп кейін әлемге Калашников автоматы атымен мәлім болған әйгілі қарудың жолы осылайша басталады.

Мұрат Жәкібаев - батысқазақстандық белгілі кәсіпкер. Ол өз кәсібін дамытып қана қоймай, ел тарихы туралы кино түсіру ісімен де айналысып келеді. Соғыс ардагерлеріне, соның ішінде қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған бұдан бұрынғы «Жеңіс тарихы» телефильмдері де көпшілікке жақсы таныс. Осы туындыларды дүниеге келтіру үшін ол қазақстандық-ресейлік шығармашылық топ құрған болатын. Жаңа телефильмнің де режиссері - ижевскілік Лев Вахитов, сценарийін жазған Екатерина Баженова. Дүниенің қазақ тілінде сәтті шығуына Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Құжырғали Төлеуішев, әртістері Боранбай Молдабаев, Бибігүл Исалиева көмектесті.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұндай туындылардың мән-маңызы зор екендігін атап көрсетіп, Мұрат Жәкібаевқа алғысын білдірді.