Оралда майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Салтанат сарайында облыс әкімі Алтай Көлгінов соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы ардагерлерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізіп, Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегенін атап көрсетті.

«Біз сіздердің ерліктеріңізді әрқашан естен шығармай, бағалап, үлгі тұта беретін боламыз. Бәріңіздің  Жеңістің 75 жылдық тойына аман жетулеріңізге тілекшіміз. Бұдан бұрын Оралда қазақтың үш батыр қызы Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылғаны белгілі. Енді биыл Астананың 20 жылдығына орай елорда төрінде Мәншүктің ескерткіші бой көтермекші. Батырларымызға деген мұндай құрмет болашақта да жалғаса беретін болады», деді Алтай Көлгінов.
 

Қазіргі таңда облыста 108 майдангер қалса, соның 81-і Оралда тұрады. Оларды құрметтеу бағытында мемлекеттік органдар, жастар қоғамдық бірлестіктері мен кәсіпкерлер тарапынан түрлі шаралар жыл бойы ұйымдастырылуда. Биыл майдангерлер бір жолғы жәрдемақыны өткен жылғыдан екі есе дерлік көп алды. Бұл көмек-қолдау көлемі жыл сайын өсе түсетін болады.

Соғыс және еңбек ардагері, М.Мәметова атындағы мемориалдық музей жанындағы «Фронтовичка» клубының жетекшісі Алевтина Митрохина бейбітшілік пен ынтымаққа ештеңе жетпейтінін, осы орайда Қазақстан өзге елдерге үлгі болып келе жатқанын жеткізді. Басқа да майдангерлер жорық жолдары туралы естеліктерімен бөлісті.

Барлық ардагерлерге ескерткіш сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етіліп, кездесу соңында концерт қойылды.

Облыс пен қала басшылары бүгін сондай-ақ қалалық көпбейінді ауруханада жатқан майдангер Мұғалім Абақовты және дәрігерлердің нұсқауымен жарты жылдан бері үйінде ем алып жүрген тарихшы-ғалым Павел Букаткинді Жеңіс мейрамымен құттықтады.