Оралда медициналық қызмет уақтылы көрсетілмеген: Марқұмның отбасына 4 млн теңге өндірілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының 58 жастағы тұрғыны аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Фото: pexels

ҚР Жоғарғы сотының мәліметіне қарағанда, марқұмның ұлы полицияға жүгінген, бірақ қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.

Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру емделушіге медициналық көмек көрсету кезінде бұзушылықтарды анықтады.

Медицина қызметкерлерінің әрекетсіздігі әкесінің өліміне әкеп соқтырған деп есептеген ұлы ауруханадан және емдеуші дәрігерден моральдық зиянның орнын толтыру туралы сотқа талап арыз берген.

Орал қаласының № 2 соты істі қарап, емделушінің бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенін анықтады. Бірақ медицина қызметкерлері оны мас күйінде болған деген желеумен қажетті тексеру жүргізуден бас тартқан. Бұл ретте ағзадағы алкоголь құрамына зерттеу жүргізілмеген. 

Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына жүгінгеннен кейін ғана емделушіге ишемиялық инсульт диагнозы қойылып, терапия бөліміне жатқызылған.

Басталған емге қарамастан, емделуші келесі күні қайтыс болған.

Аурухана өкілі талап қоюды мойындамады.

Прокурор талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы қорытынды берді.

Белгіленген мән-жайлар мен іс бойынша ұсынылған дәлелдемелерді ескере отырып, сот медициналық көмектің уақтылы көрсетілмеуі емделушінің қазасын алдын алудың нақты мүмкіндігін жоғалтуға әкелді деген қорытындыға келді.

— Сот шешім шығарған кезде мәлімделген талаптарды ішінара қанағаттандырды және моральдық зиянды өтеу ретінде талап қоюшының пайдасына ауруханадан 4 млн теңге өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО ауруханасы сапасыз қызмет үшін марқұмның отбасына өтемақы төлейтін болғанын жазған едік