Оралда мектеп киімі қанша тұрады?

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылы қарсаңында қала базарлары мен арнайы дүкендерде мектеп киіміне қатысты сауда қызатыны белгілі.

Орталықтағы «Мирлан» базары - тұрғындардың жиі келетін жері. Мұнда бастауыш сыныптың ер балаларына арналған костюмнің орташа құны 12-15 мың теңге төңірегінде. Мысалы, самаралық костюмді 12-15 мың теңгеге сатып алуға болады, бұл былтырғыдан (10 мың теңге) едәуір қымбаттаған. Сапалы деген аяқкиім 11 мың теңгеге түссе, көйлек - 3 мың теңге, галстуктің өзі - 800 теңге. Спорттық аяқкиім - 5 мың теңге. Сонда 2-сынып оқушысының киіміне 35 мың теңгедей қаражат кетеді. Спорттық костюм 4500-8000 теңге шамасында. Сол секілді бастауыш сыныпта оқитын қыз балаларға арналған сарафандар 4 мың теңге, ақ жейде 3 мың теңгеден басталады, белдемшелер 6 мың теңгеден жоғары, шұлық, бантик, галстук, белбеулер 2 мың теңгеден асады. Қыздарға аяқкиім 4,5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін. Бастауыш сынып қыздарына 1500-5000 теңгеге аяқкиім табуға болады. Шыны керек, тұрғындар қытайлық арзан киімдерге көп жолай бермейді. Олар тез тозады, тігістері сөгіліп, жыртылып қалады.

Орталық базар аумағындағы «Школа», «Адал», «Ресей жәрмеңкесі» дүкендеріндегі мектеп киімдерінің бағасы «Мирландағымен» шамалас. «Школа» дүкеніне тауарлар Ресейден әкелінеді, тұрақты клиенттері бар. Бұл жерде айта кететін жайт, сапасыз тауарға кезігіп, опық жеп қалмас үшін кей тұрғындар «өз сатушысын» тауып, үнемі содан алғанды тәуір көреді. Бұл екі жаққа да тиімді.

Тауарлары қымбат дүкендер де бар. Мысалы, орталық базар маңындағы «Атриум» сауда үйінде пиджактың құны 23-25 мың, шалбары 15-16 мың, жейдесі 8-12 мың, аяқ киімдердің ең арзаны 15-16 мыңнан, спорттық аяқ киімдер 13-14 мыңнан басталады. Қыздардың сарафандары 10-12 мың, белдемшелері 9-10 мың, жейденің ең арзаны - 8 мың теңге. «City Center» сауда орталығындағы бағалар да осы деңгейде. Өйткені бұл жердегі тауарлар Түркия, Ресей, Германия, Италия елдерінен тасымалданады. Есесіне бұл киімдер сапалы келеді, екі-үш жыл киюге болады.

Ата-аналардың бірі Айжан Насихаттың пікірінше, барлық мектепке ортақ бірыңғай мектеп киімін енгізу керек. Өйткені қала мектептеріндегі киім үлгісі  әр түрлі.  Бұл мектеп үшін жақсы болғанымен, оқушы басқа білім ордасына ауысқан жағдайда сол жердің киімін тіктіруге тура келеді. Ата-ана тағы да сол үшін қалтасын жұқартады. Мысалы, 2 сыныпқа баратын қызға тек күзгі мектеп киімдерін алуға 25 мың теңге кетті. Бұған сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын қосыңыз. Бұл аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін едәуір жүк болып тұр.  Сондықтан бәріне ортақ, жалпы үлгідегі мектеп киімдері отандық өндіріс орындарында  дайындалып, көпшілікке  қолжетімді базарлар мен сауда үйлерінде саттыққа шығарылса, тұрғындар үшін тиімді болар еді.

Баласы 2-сыныпқа баратын Мөлдір Бауыржанқызының айтуынша, базарда Түркия елінен әкелінген делінген костюмдер толып тұр. Сыртқы түрі керемет әрі екі шалбардан береді. Бағасы 12-18 мың теңге айналасында. Алайда костюмнің іші тығыз синтетика, баланың денесі демалмайды, зиян деуге болады. Бұл жөнінен Ресейден жеткізілген костюм сапалы деуге болады. Қайткенде де сапалы дүниеге қол жеткізу үшін біраз жүріп, «тер төгуге» тура келеді. Мектепке ортақ киім тіктіру мәселесін де дұрыстап қарастыру қажет. Айталық, өткен жылы қаланың бір мектебінде 1-сынып оқушыларына киім тігу жөніндегі тендерді жеңіп алған кәсіпорын оны сапасыз орындады. Яғни мектеп киімі синтетикалық материалдан (габардин) тігілген (қыста салқын, жазда ыстықты тартады). Мұндай сапасыз киімнен көптеген ата-аналар бас тартты. Бұл жерде әр мектеп өздері тіктіретін киімдер үшін жауапты болуы тиіс. Республика, облыс көлемінде де осындай ортақ мектеп киімін тіктірген жағдайда ең алдымен осындай берекесіздікке жол берілмеуі керек.