Университет құрылтайшысы, ҚР Инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, аталмыш шараны өткізудегі басты мақсат - балалардың бойында жер және ғарышқа деген қызығушылықты дамыту, оларды жаратылыстану-математика, астрофизика, ғарыштық технологиялар, модельдеу ғылымдары салаларына икемдеу. Дарынды оқушыларға қолдау-көмек көрсетіп, отандық және әлемдік космонавтиканың жетістіктерін насихаттау.
Байқауға облыс аудандары мен Орал қаласынан 28 ұл-қыз қатысты. Көршілес облыстардан да қатысуға тапсырыс түскенімен, әлдебір себептермен келе алмаған. Ғарыш саласының білікті мамандары, қазақстандық және ресейлік ғалымдар тобынан құралған әділқазы алқасы көрмеге қойылған өнертапқыш өрендердің ғарыштық техника үлгілерімен танысты және бірқатарының ғылыми жұмыстарын тыңдады.
Екі күндік байқауға қатысушылардың тырнақалды еңбектерімен, техникалық үлгілерімен танысқан қазылар алқасының мүшелерін өңірде талантты, келешегінен үміт күттіретін балалардың өсіп келе жатқаны қуантты. Жарыстың бас жүлдесі (50 мың теңге ақшалай сыйлығымен) тасқалалық Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Мертай Еламанға бұйырды. Ол «Энергия Боран \Спейл Шаттл» атты Ресей мен АҚШ-тың зымырантасығыштарының үлгі макетін жасаған. Оның үлгісінде биотынның үлесін арттыру, керосинді күші үш есе күшті сутегі жанар-жағармайымен ауыстыру жұмысы қарастырылған. Байқауға қатысушы өзге оқушылардың барлығы да белсенділігі үшін марапатталды.
Алматы энергетика және байланыс университеті электроника кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Болат Хисаровтың айтуынша, аталмыш кафедра негізінде былтыр Қазақстанда тұңғыш рет ғарыштық техника және технологиялар мамандықтарына оқыту жұмыстары басталған. Бұл мамандыққа 30 грант бөлінсе, соны иеленген 18 студент кафедрада оқиды. Мамандыққа оқыту екі бағытта, ғарышты алыстан басқару жүйелері және радиобелгілерді жерге жеткізіп тарату бойынша жүргізілуде. 18 түлек ақылы білім алып жатыр. Биыл 50 грант бөлінбек.
Байқауға қазылық еткендердің бірі, «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ның бірінші вице-президенті, Ұлттық инженерлік академияның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, компания еліміздегі ғарышқа қатысты ірі жобаларды жасаумен айналысады. Қазақтың маңдайына біткен екі ғарышкер ұлы бар болса, бүгінде тағы қос азамат - космонавт-зерттеуші Мұхтар мен Айдын ғарышқа ұшуға даярлықтан өтті. Айдын компанияда жұмыс істейді, ал Мұхтар Мәскеуде қалды. Ғарышкерлерді ғарышқа ұшырудың өзіндік қиындықтары бар, өйткені ғарышкерлердің барып қонатын халықаралық ғарыш стансасы он бес елдің құзырында. Қазақ елі бұл ұйымға кірмейді. Алайда Байқоңырдай ғарыш айлағы бар мемлекет ретінде Қазақстан келісімдер жасау арқылы ғарышқа өз ғарышкерін ұшыратынына компания сенімді. Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ғарыштық технологиялар жасақталуда. Қазір адамның ғарышқа ұшып-ұшпауы маңызды емес, ғарыштық технологияларды игеріп, түрлі салаларға қажетті зерттеу ақпаратын Жерден-ақ алуға болады. 2015 жылы Қазақстан әлемнің ғарыш саласын дамытқан мықты 20 мемлекетінің қатарына енетін болады.
С.Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыштық университетінің білім беру және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Владимир Богатырев те жастарды ғарыш саласына қызықтыруда мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап өтті.