ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар тарады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін болды.
«Хабар түскен бойда оқиға орнына барлық арнайы және жедел қызметтер жіберілді. Бастапқы әрекет ету күштерімен мектеп тексерілді. Хабар жалған болып шықты. Қазіргі кезде хабар таратқан адамдарды анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлаған адамның бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салады», — деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласы білім беру бөлімі аталған мектепте сабақ жалғасып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы 5 жылда отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың үш есеге өскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).