ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы №40 орта мектепте оқушылардың неден уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 қазан күні болған осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізілген.
Полиция қызметкерлері сол мектепте білім алатын оқушы қыздың бұрышты газ баллоншасын шашқанын анықтады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын аталмыш мектепте иіс тиген 15 оқушы мен 1 мұғалімнің ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, қазір оқушылардың жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр. Мұғалім әзірге ауруханада.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).