Оралда мектепте түтін исі таралуына байланысты сабақ онлайнға ауыстырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Әлия Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінде жану оқиғасы тіркелді.
Орал қаласы білім беру бөлімінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 мамыр күні болды.
Аталмыш білім ордасында крандарды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу аясында жүзеге асырылып, «Ақмарал» жеке кәсіпкерлігі мердігер ретінде тартылды. Дәнекерлеу жұмыстары сағат 21.00 шамасында аяқталған.
Алайда мердігер тарапынан өрт қауіпсіздігі техникасының тиісті деңгейде сақталмауы салдарынан дәнекерлеу кезінде пайда болған ұшқындар жертөледегі жанғыш заттарға түсіп, бұл түнгі сағат 00.00 шамасында жану оқиғасына соқтырды.
— Оқиға салдарынан ғимарат ішінде түтін иісі таралуына байланысты оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін 19 мамыр, дүйсенбі күнгі оқу процесін уақытша онлайн форматқа ауыстыру туралы шешім қабылданды. Мердігерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, — деп хабарлады ведомстводан.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, хабар 18 мамырдағы сағат 00.19-да түсіп, өрт сөндірушілер 00.27-де жеткен. Мектептің жертөлесінде 10 шаршы метр аумақта матрас жанған. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 00.48-де оқшауланып, 00.50-де сөндірілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын соғыс жылдары Оралда мектеп әскери госпитальға айналғанын жазған едік.