ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы №40 мектепте газдың иісінен бірнеше оқушы жедел жәрдемге жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш мектеп директоры Мақсот Ғалиевтің айтуынша, оқиға сағат 11.05-11.25 аралығындағы үлкен үзіліс кезінде орын алды.
Ғимараттың үшінші қабатынан газдың иісі сезіліп, оқиға орнына ішкі істер, ТЖ қызметкерлері, жедел жәрдем шақырылды.
Мектептен бірінші ауысымда оқитын балалар мен мұғалімдер, шамамен 300-дей адам шығарылды.
«Жедел жәрдем алып кеткен үш оқушының қасында мұғалімі бар. Олардан талдау сынамалары алынып, тиісті қызмет көрсетілуде», - деді М.Ғалиев.
Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова қазіргі кезде жағдайдың қалыпқа түскенін, екінші ауысымдағы оқушылардың білім алып жатқанын жеткізді. Оқыс оқиғаның неден болғанын полиция анықтайтын болады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова жедел жәрдемге жүгінгендерге қатысты нақты ақпараттың кейін берілетінін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).