ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда мектептегі оқыс оқиға салдарынан ғимараттан 660 адам шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға бүгін сағат 12.18-де А.Макаренко атындағы №6 орта мектепте болды.
Химия кабинетінің зертханасында сабақ кезінде химиялық реагенттерді пайдалануда қауіпсіздік талаптары бұзылған. Соның салдарынан бу шыққан, дегенмен ол жануға ұласпаған.
Мектеп қызметкерлерімен бірге ғимараттан 660 адам эвакуацияланса, соның 600-і – оқушылар.
Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына департаменттен 56 қызметкер, 16 техника барды.
«Химиялық реагенттермен жұмыс қауіпті. Өйткені химиялық реагенттер адамдарға қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан жұмыстың бұл түрін суырмалы шкафта жүргізу басты талап болып саналады. Осы қауіпсіздік шарасы сақталмаған», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).