ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда мерекелік шараға дайындалып жатқан оқушылар бірінен соң бірі бастары айналып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Отан қорғаушы күніне орай П.Атоян атындағы стадионда қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысқан шара кезінде орын алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, алдымен сағат 09.12-де жедел жәрдем стансасына қоңырау шалынған. Бірнеше оқушы басым айналды деп шағымданған.
Бір оқушы талып құлаған кезде басынан жарақат алған. Облыстық ауруханаға жеткізілген оқушының бас-ми жарақатын алғаны және миы шайқалғаны анықталды.
Тағы жеті оқушы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Оларға зорығу деген алдын ала диагноз қойылған.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).