Оралда «Мерекелі, берекелі Наурыз той» атты концерт қойылды
21:54, 20 Наурыз 2013
ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 20 наурыз күні Наурыз мерекесіне орай «Мерекелі, берекелі Наурыз той» атты концерт қойылды.
Шара театр фойесінде әзірленген облыстық ұлттық мәдени орталықтары мен облысқа танымал өнер иелерінің «Наурыз - достық, наурыз - құт» деп аталған мерекелік тартуымен басталды. Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева қадамын енді басқан сәбидің тұсауын кесіп, өміріне ақжолтай тіледі. Ал еңбек ардагері Әмірхан Қарасаев бүлдіршінге арнап өзінің ақ батасын берді. Жиналған қауымға наурызкөжеден дәм ұсынылып, тәттіден шашу шашылды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысқан фойедегі театрландырылған көрініс одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар 21, 22 наурыз күндері де жалғасады.