ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Гагарин көшесі 70-мекенжайында «Меркурий» сауда үйінде өрт болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Жазира Әбдірахманованың айтуынша, сауда үйінің жанып жатқаны жөнінде кеше сағат 18.28-де хабар түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеті минуттан соң жеткен кезде сауда үйінің қоймасында есіктердің отқа оранғаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел де үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде «тілсіз жаудың» тауар-материалдық құндылықтар сақталған көрші қоймаларға, жалпы ауданы мың жарым шаршы метрден асатын сауда үйіне одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Сағат 20.11-де беті қайтып, 21.09-де сөндірілген өрт аумағы 80 шаршы метрді қамтыды. Оған 25 адам, 12 техника жұмылдырылды.
Зардап шеккендер жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).