ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда мешіттерге кіріп, келушілердің қалтасына түскен ұры ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, күдікті қызыл мешіт және орталық базар қасындағы мешітте келушілердің сырт киімдерінің қалтасынан ақша ұрлаған.
Оның бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Күдікті Атырау облысының бұрын бірнеше рет сотталған, еш жерде жұмыс жасамайтын 25 жасар тұрғыны болып шықты.
Қазіргі кезде Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша оқшаулау изоляторына қамалған күдіктіге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігіне (ұрлық) сәйкес 4 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).