Оралда министрдің қатысуымен қорғаныс кәсіпорындарының мәселесі талқыланды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен қорғаныс кәсіпорындарының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр алдымен «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және «Орал «Зенит» зауыты» АҚ сынды қорғаныс саласына қатысты өнім шығаратын жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына енетін «Зенит» зауыты еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде 27 кеме-катерді құрастырып шығарды. Зауыт 2017 жылы 8,7 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл алдыңғы жылғыдан 1,7 есеге көп. Дегенмен қазіргі кезде зауыт жүктемесі 25 пайызды құрайды.





«Зенит» зауыты кеме жасаумен аты шықса, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ - Қазақстан мен Орталық Азияда атыс қаруларын шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Зауыт сондай-ақ мұнайгаз саласында пайдаланылатын жабдықтар шығарумен де айналысады. Өткен жылы бұл кәсіпорын 6,5 млрд теңгенің өнімін шығарды. Күні бүгін зауыт жүктемесі 90 пайызды құрайды.

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңір басшысы Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, Елбасы Н.Ә.Назарбаев жуырда БҚО-ға сапары кезінде өнеркәсіп кешенін дамыту мен жаңғырту бағытында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда облыс зауыттарында 2 мыңнан астам адам жұмыс жасауда. 2017 жылы 20 млрд астам теңгенің өнімі өндіріліп, 3,5 млрд астам салық төленді. Ендігі міндет - қолда барды сақтай отырып, саланы одан әрі дамыту.

Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде әскери-техникалық саладағы мемлекет саясаты, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын нығайту мен қайта жаңғырту мәселелеріне назар аударды.

«Біз бірқатар өзекті мәселелерді талқыладық. Қазіргі кезде Қазақстандағы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің жүктемесі орта есеппен 50 пайызды, Батыс Қазақстанда 60 пайызды құрайды. Осы 60 пайыздың ішінде мемлекеттік тапсырыс үлесі - 84 пайыз. Сондықтан тек мемлекеттік қолдау шараларына иек артпай, азаматтық мақсаттағы өнімдер үлесін 30-50 пайыз деңгейінде ұстау қажет. Биыл министрлік әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша уәкілетті органға айналды. Сондықтан алда тұрған міндеттерді бірлесіп шешуіміз керек. Соның ішінде өндірісті диверсификациялау, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер шығаруға, техникалық байланысты нығайтуға күш салуымыз қажет», деді министр.

Соңғы жаңалықтар