Орал қаласы ТЖ басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ольга Протопопованың айтуынша, соның ішінде моншалардың отқа орануы жиілеп отыр. Мысалы, 4 қаңтарда монша кешені аумағындағы сауна өртеніп, оның аумағы 160 шаршы метрді құрады. Сол секілді 7 қаңтарда жеке үйдің ауласында орналасқан аумағы 35 шаршы метр монша отқа оранды. 14 қаңтарда тағы бір жеке үйдің ауласында моншаның төбесі (60 шаршы метр) жалынға шарпылды. 22 қаңтарда саунаның булау бөлмесі өртенсе, 3 ақпанда жеке үйдегі тағы бір монша (18 шаршы метр) жанып кетті. Тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Мұның бәрі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болып отыр. Әсіресе, түтін шығатын жердің талапқа сай жасалмауынан, электр сымдарының ескіруі мен зақымдануынан өрт жиі шығады.
Айта кетейік, өткен жылы қалада 250-ден астам өрт болып, содан 2 млн. теңге шығын келді. Ең өкініштісі, 2 адам қаза тауып, 25-і түрлі жарақат алды.