ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 8 млрд теңгеге мүгедектерді оңалту орталығы салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, «Ақжайық» шағын ауданында 150 орындық орталық құрылысы биыл басталмақшы.
Оның сөзіне қарағанда, нысанның жалпы құны – 8 млрд теңге. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.
«Күні бүгін құжаттар әзірленуде, мамыр айында конкурс жарияланатын болады. Орталық қазіргі заманғы медициналық жабдықпен қамтылады. Осы кезге дейін облыста мүгедектер үшін мұндай орталық болған жоқ. Онда сондай-ақ емдеу-жүзу бассейні, спорт залы, акт залы, еңбек терапиясы, дене шынықтыру аймағы орналаспақшы. Орталықта мүгедектер кез келген ауру мен жарақаттан кейін сауығатын болады», деді Ә.Антазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай ғимараты пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).