Оралда Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына орай «Біз Мұхит көшесінде тұрамыз» атты шара өткізілді
«Жайық Пресс» ЖШС-індегі «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған шараға облыстық мәдениет басқармасы, Мұхит атындағы қор, осы көше бойында орналасқан мекеме-ұйымдар, жекелеген тұрғындар атсалысты.
Жиналғандарды көше мерекесімен белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов, Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин құттықтап, мұндай шараны алдағы уақытта жалғастыру қажеттігін айтты. Мәселен, қалада биыл 150 жылдығы аталып өтілетін күй анасы Дина Нұрпейісова, ақын-жырау Әбубәкір Кердері сынды бірегей тұлғалардың атындағы көшелер баршылық.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жұмағаным Рахимова, Қанатқали Қожақов, Сәуле Таудаева және басқалар әуелете ән шырқаса, №11 орта мектептің қазақ ұлт аспаптар оркестрі күй орындады. «Қызғалдақтар», «Сымбат» би топтары да өз өнерлерін көрсетті.
«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, мерекеге орай Мұхит Мерәліұлына арналған күнтізбе-плакат, оқушы дәптері, әндері жазылған CD-диск шығарылды. Алдағы уақытта Мұхит әндерінің біріне бейнебаян түсіру көзделіп отыр.