Оралда мұнай-газ ісінен республикалық олимпиада жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ЖОО студенттері арасында мұнай-газ ісі мамандығы бойынша республикалық ІХ пәндік олимпиада мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Екі күнге созылған білім бәйгесіне еліміздегі он жоғары оқу орнынан 9 жетекшісімен 25 студент қатысып, бақ сынады. Олимпиаданың бірінші кезеңінде олар компьютерлік тестіден өтсе, екіншісінде жазбаша сынақ тапсырды.

Сайыс қорытындысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Бақытбек Дәуренбекұлы (қазақ бөлімі) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен Владислав Ким (орыс бөлімі) мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен келген Эльвира Шотаева (қазақ бөлімі) екінші, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен Жандос Сәрсеков, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінен Сандуғаш Шеңгелбай (екеуі де қазақ бөлімі), Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінен Әлімбек Ахметқалиев (орыс бөлімі) үшінші орынды иеленді.

Жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.