ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы Садовское көлінде аққудың мұз үстінде жүргені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды.
Белгілі бағбан, Оралдағы ботаникалық бақтың басшысы Қайрат Кәрімовтің мәлім еткеніндей, көлдегі мұздың қатқанына біраз болды, аяз күшейіп келеді.
— Аққулар әлі көлде мұз үстінде жүр. Биылғы балапандар. Неліктен екені белгісіз, ұшуға асығар емес. Мұның себебі, балапандар алысқа ұшуға күш жинамаған болар. Үлкендері соларды күтіп жүрген сияқты. Күн сайын соларға қарап қойып, алаңдаймын, — дейді Қ.Кәрімов.
Осы оқиғаға орай Kazinform тілшісі оралдық орнитолог-ғалым Михаил Шпигельманның пікірін білген еді.
— Аққулардың қыстап шығуы мүмкін емес. Өйткені олар су өсімдіктерімен қоректенеді. Қар жауып, мұз қатқаннан кейін жылы жаққа кете алмаса, түлкі жеп қояды. Меніңше, аққуларды аман алып қалудың бір жолы — жеке үйі бар тұрғындар оларды қаздармен бірге асырап шығуы керек, — деді М.Шпигельман.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын СҚО-да мұз құрсауында қалған аққудың құтқарылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).