Оралда Нәдіров оқулары өткізілді

None
ОРАЛ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда «Мұнайгаз кешенінің ғылыми-технологиялық дамуы» деген тақырыпта халықаралық Нәдіров ғылыми оқулары өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Башқұртстан елдерінің белді ғалымдары қатысқан жиында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өткеніндей, бұдан бұрын Нәдіров оқулары ғалым әр жылдары жемісті еңбек еткен Атырау, Қызылорда, Шымкент қалаларында өткізілген болатын. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған ғылыми жиынның батысқазақстандық ғалымдар үшін де, Қарашығанақ кенішін игеру жұмысын жетілдіруде де маңызы зор болмақ. Пленарлық отырыста академик Нәдір Нәдіровтің мұнайгаз өнеркәсібінің мәселелерін талдаған баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, мұнай өндіру арқылы қуат көзі алынумен бірге табиғатқа да қауіп төнуде. Бұл мәселеге соңғы жылдары әлем жұртшылығы назар аударып, Киото келісіміне қол қойылды. Бүгінде Қазақстан осы халықаралық ұйымға мүше болып кірді. Енді адамзат мұнайгаз өнімдерін пайдалануды азайтып, баламалы қуат көздерін өндіруге бет бұруда. Бұл бағытта Қазақстанда да іргелі ізденістер бар. Жиында ғалымдар мұнайгаз өндірісін жетілдіру жолдарын да талқылады. Қорытынды мәжілісте үздік баяндама авторлары медаль, сыйлықтармен, грамоталармен марапатталды.