Туыстарының сөзіне қарағанда, нәресте толық мерзімде және тірі туған. Анасы босану бөлімшесіне 22 қарашада түскен. Оның қан қысымы жоғары әрі қант диабетімен ауырған және шақалақ та (5 келі) ірі болған. Қауіп-қатерге қарамастан, дәрігерлер кесар тілігін жасаудан бас тартқан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде, сондай-ақ жәбірленуші тараптың дәлелдері тексерілуде.
— Тергеу барысы облыстық департамент пен прокуратура басшылығының бақылауында. Соның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, — делінген департамент ақпаратында.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 22 қараша күні шақалақтың өлі туғаны тіркелген.
Пациент 16 қарашадан бастап қалалық көпбейінді аурухананың жүкті әйелдердің патологиясы бөлімшесінде стационарлық түрде емделген. Мерзімі 39 апталық жүктілік ілеспе аурулар мен бірқатар қауіп факторлары аясында өткен.
Пациент қажетті медициналық тексерулерден өтіп, дәрігерлер консилиумының шешімі негізінде бақылауда болған.
Сол күні табиғи жолмен өздігінен босану басталған. Оның барысы акушер-гинеколог және дәрігер-неонанотологтың қатысуымен қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес ұйымдастырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, босанудың күрделенуіне байланысты медициналық бригада шұғыл шаралар қабылдаған. Сағат 16.00-де өмір белгілері жоқ қыз бала дүниеге келген. Содан кейін шақалақ дәрігер-неонанотологқа берілген. Жансақтау іс-шаралары жүргізілгенімен, ол нәтиже бермеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоқыс контейнерінен шақалақтың денесі табылғанын жазған едік.