ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда санитарлық автокөлік жол апатына ұшырап, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожин мәлім еткендей, оқиға 1 маусым күні М.Лермонтов пен Дәулеткерей көшелерінің қиылысында болған.
Облыстық онкологиялық диспансердің «УАЗ» автокөлігі басты көшемен (М.Лермонтов) келе жатқан. Оны «Шевроле Кобальт» автокөлігі өткізбей, түйіскен.
Соның салдарынан санитарлық көлік төңкеріліп қалған.
Оқиға орнынан 4 адам ауруханаға жеткізілген.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, санитарлық автокөлік науқасты ауруханаға апара жатқан.
Онда науқастан басқа дәрігер, курьер және жүргізуші болған. Ауыр жарақаттары жоқ.
Дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Жеңіл көліктің жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда төрт адамды жарақаттаған қасқырдың құтырған болып шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).