Оның ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Абат Шыныбековтің мәлім еткеніндей, бұл – Зачаган кентінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тапсырылған кезекті көпқабатты тұрғын үй.
«ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС тұрғызған 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары мен кезекте тұрғандарға берілді.
«Зачаган кентінде соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, емхана, спорт және сауда нысандары бой көтеріп келеді. Соңғы жарты жылда Орал-Сарытау жолы бойындағы Бірлік көшесінде сегіз көпқабатты үй іске қосылды. Бірнеше үй салыну үстінде. «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен жаңа спорт кешені тұрғызылуда. Жеке инвестиция есебінен осы маңда «Алтындар» гипермаркеті ашылса, №52 мектеп құрылысы жүргізілуде. Басқа да әлеуметтік нысандар салынатын болады. Кеше өңірімізде Көрісу мерекесі аталып өтілсе, алда Наурыз мейрамы да жақын. Қуанышты күндеріміз көп болсын!», деді А.Шыныбеков.
Жалпы ауданы 6852,81 шаршы метрді құрайтын жаңа үйдегі баспаналардың 36-сы бір, 54-і екі, 27-сі – үш бөлмелі пәтерлер.
Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі Оксана Коршунова өзінің жетім өскендігін, жеті жыл бойы кезекте тұрып, баспаналы болып жатқандығын, әжесі және бес жасар ұлымен бірге тұратындығын қуана жеткізді.