Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептелетін 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз ежелден жаңару мен барша жақсылықтың бастауы, ырыс-ынтымақ пен береке-бірліктің мейрамы болып есептеледі. Бұл күні адамдар бір-бірімен құшақ жайып, амандасып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп құттықтайды. Бір-біріне қонаққа барып, өкпесі болса кешіреді. Мерекелік дастархан жайылып, ақсақалдар төрге озып, батасын береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында Қазақ елінде барша ұлт өкілдері Наурыз мейрамын да осылайша бірге тойлай бермек.
Алаң ортасында құрылған сахнада елге танымал әртістер өз өнерлерін көрсетті. Театрландырылған көріністер қойылып, әдемі ән, мың бұралған би көпшілік назарына ұсынылды. Қала тұрғындары түрлі спорттық ойындарға қатысып, алтыбақан тепті, атпен, арбамен серуендеуге мүмкіндік алды. Жағалай тігілген киіз үйлер де жаңа алаңға ерекше сән берді.
Бұл күні сондай-ақ Оралға қарасты Зачаган кентінде, облыс аудандарында Наурыз мерекесі кеңінен тойланды.