ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында нигериялық екі азаматтың заңсыз жүргені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аясында кешенді тексерістер жүргізілуде.
«Тәртіп сақшылары Орал қаласында екі нигериялық азаматты байқап, құжаттарын тексереді. Олар Оралда жүру себебін қызмет етуге келуімен түсіндіргенімен, тиісті құжаттары болмаған. Нигериялық азаматтарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Қажетті құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Аталмыш бап бойынша айыпты деп танылған адам 25 АЕК көлемінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан 1 тоннадан астам алкоголь өнімі тәркіленгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).