ОРАЛ. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Оралда «Нұр Отан» ХДП кубогі үшін шағын футболдан турнир мәреге жетті.
Жеңістің 68 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған жарысқа барлығы онға жуық команда қатысып, кубокті сарапқа салды.
«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Абат Шыныбеков бұл шараның, бір жағынан, аға ұрпақтың ерлігіне тағзым ету болса, екінші жағынан, салауатты өмір салтын орнықтыру екенін атап өтті.
Жарыс қорытындысында Орал қалалық мәслихатының командасы жеңімпаз атанды. №42 мектеп-гимназия мен «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының командалары екінші-үшінші орынды бөлісті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).