Оралда «нұротандық» депутаттар бас қосты

None
РАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Алматыда алдағы наурыз айында «Нұр Отан» ХДП-дан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтеді деп жоспарланып отыр.

Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында арнайы кеңес өткізілді, оған аудандық, қалалық мәслихаттар хатшылары, «Нұр Отан» ХДП-ның мәслихаттардағы фракцияларының жетекшілері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық, Тасқала аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшілері Александр Наугольнов, Сансызбай Рахимов және басқалар Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жергілікті жердегі партия жұмысы туралы әңгімелеп берді.

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Абай Шыныбеков жекелеген аудандарда бұл істі ширату қажеттігін айтып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша мұқият тыңдап, нақты шешімге қол жеткізуге көңіл бөлуді ұсынды.