Оралда «нұротандықтар» бастамасымен базарларға рейд өткізілді

None
ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат - 15 қараша күні Орал қаласының «Ел ырысы» және «Мирлан» базарларының ет пен балық өнімдері сатылатын бөліктерінде жоспардан тыс рейд өткізілді.

«Нұр Отан» ХДП БҚОФ мұрындық болған шараға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандары мен журналистер де қатысты.

«Нұр Отан» ХДП БҚОФ партиялық бақылау инспекторы Әлібек Сүндетовтің айтуынша, «Нұр Отан» ХДП мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасында әріптестік және өзара түсіністік меморандумына қол қойылған болатын. Осы меморандумды жүзеге асыру бағытында облыс орталығында сатылып жатқан ет және балық өнімдерінің сапасы мен бағасы тексеріліп, заңсыз немесе санитарлық нормаларға сай келмейтін тауарлар анықталады.

«Ел ырысы» базарында сом-сом жылқы етін түсіріп жатқан автокөліктің мемлекеттік нөмірі Ресей Федерациясынікі екен. Ел ішінде «Қазір Оралға Ресейден арзан ет келіп жатыр» деген алыпқашпа сөздің анық-қанығын сұрағанда, базардың мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы Асқар Алдоңғаров базарға келген әр малдың құжаты болатынын, оған қарағанда, әзірге Ресейден келген ет жоқтығын айтты. «Біз әкелінген мал етінің жергілікті мал дәрігерлік мамандар берген құжатына мұқият қараймыз. Зертханамызда малдың ішкі органдарына, басына және етіне зерттеу жүргізіледі. Осы базар ашылғалы өткен 4-5 жыл ішінде біздің қызметімізге байланысты еш ақау болған жоқ», - дейді Асқар Марданұлы.

«Ел ырысы» базарының ет және балық сататын сауда орындары өте таза, барлық талаптарға сай көрінеді. Партиялық бақылау инспекторы Әлібек Сүндетов сатушылардың жеке санитарлық құжаттарын да тексеріп көрген, бәрі орнында болып шықты. Базар басшысы Жәнібек Қажығалиевтің айтуынша, базардағы азық-түлік бағасының барынша тұрақты болуына апта сайын өткізіліп тұрған жәрмеңкелер көп көмектесуде. Айта кетерлігі, әр демалыста өзі өндірген азық-түлік өнімдерін қалалықтарға арзан бағамен ұсынатын жеке кәсіпкерлерге «Ел ырысы» базары тегін орын - сауда сөрелерін ұсынады.

Қаланың қақ ортасында орналасқан «Мирлан» базарының маңы күзгі лайсаң уақытта тіпті ластанып кеткен екен. Көше бойында қара жерге қағаз төсей салып, балық, түрлі көкөніс, сүт өнімдерінің саудасын қыздырып отырғандар жетерлік. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Әсем Есенбаева мұндай сауда ешбір санитарлық талап ережесіне сай келмесе де, оларға еш шара қолдана алмайтынын айтады. Өйткені, заң бойынша көшедегі заңсыз сауда жасаушылармен полиция қызметкерлері айналысуы тиіс.

-Біз бүгінгі рейдтің нәтижесі бойынша барлық мәліметті Астанаға, партияның бас кеңсесіне жолдаймыз. Сонымен бірге, қаладағы азық-түлік бағасы мен сапасы жөнінде тиісті орындарға - қалалық әкімдікке, ішкі істер органдарына қатынас қағаздарын жібереміз. Байқағанымыз, «Ел ырысы» базарында ет пен балық өнімдерінің бағасы қымбаттағаны байқалады. «Мирлан» базарының айналасындағы тазалық пен заңсыз сауда жөнінде де шара қолдану үшін тиісті орындарға хабарласамыз, - деді рейдтің соңында Ә.Сүндетов.