Оралда облыстық балалар ауруханасының 40 жылдығы аталып өтті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 25 жұлдызды күн аясында Оралда Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының 40 жылдығына орай педиатрия мен балалар хирургиясы мәселелеріне арналған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, мұражай ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, тәуелсіздік жылдары медицина саласында көптеген табыстарға қол жетіп, емдеу мекемелерінің ғимараттары жаңадан салынды. Соның бірі - облыстық көпбейінді балалар ауруханасы. Осы заманғы талаптарға сай келетін ғимаратта орын тепкен, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен  жасақталған балалар ауруханасының қырық жыл ішінде жүріп өткен жолын енді мұражайдан да көруге болады. Меймандарға аурухана тарихы мен ұжымның тыныс-тіршілігі туралы фильм көрсетілді.

 

Конференцияда Ақтөбеден арнайы келген Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы және педиатрия  кафедрасының профессорлары Болат Жиеналиев, Жұмабек Досымов, сондай-ақ БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов және басқалар балаларды емдеуге қатысты өз ой-пікірлерімен, тәжірибелерімен бөлісті.

 

Жиында мәлім етілгеніндей, өңірде медицина саласына озық технологиялар енгізіліп, адамдарды, соның ішінде балаларды емдеудің соны әдістері қолданылуда.

Шара барысында озат қызметкерлер грамота, алғысхаттармен марапатталды.

Айта кетейік, бұдан қырық жыл бұрын аурухана ашылған мезетте онда 7-8 дәрігер еңбек етсе, қазіргі кезде олардың саны 58-ге жеткен.  Биылдың өзінде үш жас педиатр келіп, өз қызметін атқаруда.

   

Соңғы жаңалықтар