Оралда облыстық «Қадыр оқулары» мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында ІV облыстық «Қадыр оқулары» мәреге жетті.

Төртінші рет БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырып отырған байқаудың биылғы басты ерекшелігі - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналғандықтан, ұлы ақынның соғыс тақырыбында жазылған өлеңдерін жас ұрпақ жүрегіне жеткізу мақсат етіп қойылды. Сонымен қатар, байқауға қатысушылар шығармаларының дені де осы тақырыпқа арналды.

Сайысқа облыс аудандары мен Орал қаласынан барлығы он алты үміткер қатысып, бағын сынады. Олар алдымен «Егілем сол бір кезді есіме алып» аталымы бойынша ақын өлеңдерін жеребе бойынша суырып алып, сол бойда жатқа, мәнерлеп оқыды. Содан кейін «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» аталымына сәйкес өз туындыларын көпшілік пен қазылар алқасының назарына ұсынды. Үшінші кезең - «Алмас жерде қалмас» аталымы бойынша жазып әкелген эсселерін оқып берді. Қадыр оқулары қорытындысында «Жайық Пресс» ЖШС Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі, жас ақын Әділет Орынбасаров бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ Ақжайық ауданынан келген Мейірман Шәкенов, «Жайық Пресс» ЖШС Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің фототілшісі Арайлым Кесекова, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының төртінші курс студенті Алтынбек Ермекқалиев үш аталым бойынша бірінші орынды иеленді. Басқа да жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Қазылар алқасының төрағасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасовтың атап өткеніндей, жас талапкерлердің өлең жазу шеберлігі, мәдениеті мен орындау мәнері жыл санап өсіп келеді. Бұл байқау да халқы барда Қадыр поэзиясының мәңгілік екендігін көрсетті. Алдағы уақытта «Қадыр оқуларын» республикалық дәрежеде өткізсе де, еш артық емес. Айта кетейік, биыл Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығы Орал қаласы мен туған жері Сырым ауданында кеңінен аталып өтілетін болады. Оралда ақын атындағы шығармашылық орталық ашылса, Жымпиты ауылында ескерткіші орнатылады.