Жиналғандар Қадыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еткеннен аталмыш орталық директоры, ақын Бауыржан Халиолла, Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, Қадыр оқуларының аясы жылма-жыл кеңейіп келе жатқандығын жеткізді.
Облыстық білім басқармасының қолдауымен Сырым ауданы әкімдігі ұйымдастырып отырған дәстүрлі шараның деңгейі жоғарылай түспекші. Атап айтқанда, сәуір айында аймақтық Қадыр оқуларын өткізу көзделуде, оған қазірдің өзінде Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының өкілдері қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл байқауды республикалық деңгейде ұйымдастырудың бастауы болмақ.
Облыс аудандары мен Орал қаласынан іріктеліп келген талапты шәкірттер қатысқан Қадыр оқулары бұл жолы да дәстүрлі үш бағыт бойынша өткізілді. «Сөздің бәрі құдіретті» аталымы бойынша оқушылар Қадыр өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқудан сынға түсті. Бұл аталым бойынша Орал қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектептен келген Ибрагим Валиев бас жүлдені жеңіп алды. «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» аталымында ақынның сөздеріне жазылған әндер орындалды. Мұнда Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау мектебінің шәкірті Нұргүл Байғалиева жеңімпаз атанды. Ал «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» аталымы бойынша Қадыр ақынға арнап, жыр жазған балалар қазылар алқасынан бағасын алды. Бұл аталым бойынша бас жүлде берілген жоқ, Жаңақала ауданындағы Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Асанәлі Нөкеш бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатынан келген Еркетаң Ибатов Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері аймақтық Қадыр оқуларына жолдама алды.
Гала-концертте жеңімпаз-жүлдегерлер өнер көрсетіп, олар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ Сырым ауданы өнерпаздары да концерт қойып, мереке мерейін көтерді.