Елбасы тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты кеңінен дамыту мақсатында ұйымдастырылған жарысқа құрметті қонақ ретінде атақты боксшылар, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит қатысты.
Күннің ыстығына қарамастан, 20 километрлік жарысқа 100 дуатлоншы шықты. Олар алдымен 5 км қашықтықты жүгіріп өтіп, сосын 12,5 шақырымды велосипедпен артқа қалдыруы тиіс. Оған қоса соңғы 2,5 шақырымды тағы да жүгіріп өтуі керек болатын. Сонымен қатар 400-дей спортшы жеке қашықтықтарда (5 км, 12,5 км және 2,5 км) сынға түсуді жөн деп тапты.
Жарыс қорытындысында 41-50 жастағылар арасында Марат Сабырғалиев жеңімпаз атанды. 31-40 жастағылардан ерлерден Алексей Алиев, әйелдерден Ольга Келазева озды. 18-30 жастағылардан Ерлан Ойлыбаев пен Анастасия Вавилина мәреге бірінші жетті. Олардың бәріне де велосипедтер табыс етілді. Сонымен қатар жеке қашықтықтарда жеңімпаз-жүлдегер атанғандар да марапатталды.
В.Левит пен Ә.Ниязымбетов мұндай жарыстарды көптеп ұйымдастыру қажет екендігін атап көрсетті.
«Осындай шаралардың көп болуы бәріміз үшін маңызды. Әркім өзінің денсаулығы үшін спортпен айналысуы керек. Халқымыз бізді, спортшыларды үнемі қолдап, дем беріп отырады. Біз де мүмкіндігінше көпшілік шараларға қатысып, жұртшылықты қолдап келеміз. Елбасымыздың бастауымен еліміз де, Астанамыз бен өңірлер де дамып, өркендей берсін», деді Олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.
21:40, 01 Шілде 2018
Оралда Олимпиада жүлдегерлерінің қатысуымен алғаш рет дуатлон жарысы өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Астананың 20 жылдығына орай алғаш рет дуатлон жарысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.