ОРАЛ. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова алаңында Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында спорттық ойындар өтті.
Қаладағы 16 аула клубының әрқайсысынан он бала қатысқан шараның көрермені көп болды. Шара барысында 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдерге «Көңілді сөре» ойындары ұйымдастырылды. Спортқа ден қойған жеткіншектерге Лондон Олимпиадасы туралы түрлі сауалдар қойылып, мүдірмей жауап бергендеріне сыйлықтар ұсынылды. Шараның басты мақсаты Олимпиадаға қатысушы қазақстандық спортшылардың жанкүйерлерін көбейтіп, оларға қолдау көрсету, жеткіншектердің спортқа қызығушылықтарын арттыру, оларға өтіп жатқан олимпиада туралы кеңірек мағлұмат беру, дейді ұйымдастырушылар. Балалардың көңілді шарасы ән-бимен әрленіп, шараға жиылған қарияларға қуаныш сыйлады
Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында батысқазақстандықтар да өнер көрсетіп жатқаны белгілі. Әсіресе, бүгін Алексей Дергуновтың ескек есуден 1 мың метрлік қашықтықта Евгений Алексеевпен бірге финалға шығуы бір қуантып тастады. Сондай-ақ грек-рим күресінің тәжірибелі спортшысы Даниял Гаджиев бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).