Оралда өлке тарихына қатысты жаңа анықтамалық жарық көрді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық мемлекеттік мұрағатта «Батыс Қазақстан облысы номенклатуралық қызметкерлерінің анықтамалығы» атты қос томдық жинақтың таныстырылымы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шараға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың айтуынша, 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткен еліміз, соның ішінде өлке тарихында есте қаларлық оқиғалар аз болған жоқ. Осы орайда облыста басшылық қызметтер атқарған адамдардың өмірбаяндары жинақталған аталған ғылыми анықтамалық зерттеушілер үшін де құнды.

Облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Айжан Сауғабаеваның сөзіне қарағанда, анықтамалықты құрастырушылардың еңбегі мол. Кітапта 1919-1991 жылдары Батыс Қазақстанда губерниялық, уездік, облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің хатшылары туралы мәліметтер, барлығы 870 басшы қызметкердің өмірбаяны берілген.