Шара барысында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин аталмыш кітапты тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде өңірде тарихи тақырыпқа жазылған тұңғыш роман деп бағалады. Бұл кітапта отызыншы жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннен кейін, Ұлы Отан соғысы басталар алдында Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауылында құрылып, Қазақстанның Кеңестер одағынан бөлініп, дербес ел болуы жолында күрес жүргізуге ұмтылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты жасырын ұйым туралы барынша толық баян етілген. Ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов бастаған он төрт жастың ерлігі әдеби тілде, көркем образдармен жеткізілген. Бұл кітап тарихи деректерге негізделгендіктен, оның құндылығы да жоғары бола түседі. Сондықтан оны, әсіресе, кейінгі жастардың оқып, бостандық жолында қанын да, жанын да аямаған аға буынның өшпес өнегесін терең түйсінгені абзал.
Ардагер журналист Тихон Әліпқали, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, кітапқа алғысөз жазған тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев және басқалар жылы пікірлерін білдіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Қазақстанның тәуелсіздік алуын көксеген, ел тарихында елеулі орны бар аталған ұйым туралы зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыру қажеттігін атап көрсетті.
Жасырын ұйым мүшесі Сүндетқали Қаражановтың інісі Кенжеғали Қаражанов ағасының өмірден ерте кеткен әкесінің орнын жоқтатпай, кейінгілерге қамқор болғанын, сотталып келгеннен кейін отбасын бастап, Ақтөбеге қоныс аударғанын әңгімеледі. «Бір жылдан кейін ағамды Қарқаралыға жер аударды. Елу жасында қайтыс болғанша, не үшін жазықты болғаны жөнінде тіс жармай кетті. Ұрпақтары қазір Қарағандыда тұрады. Біздің көзімізді алғаш ашқан - ақын, журналист Амангелді Шахин. Оның «Сол бір сүргін», «Қорғаймын! деп қазақты...» атты кітаптарын оқып, сол арқылы шындыққа көз жеткіздік. Міне, бүгін Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» кітабын да қолымызға ұстап, қуанып отырмыз. Сол үшін алғысымызды айтамыз», - деді К.Қаражанов.
«Әкем Сатқали Молдағалиев он жылға сотталып, талай қиындықты бастан кешті. Іштегі құпиясын көпке дейін сездірген жоқ. Тек өмірінің кейінгі жылдарында ақиқат жария болғаннан кейін тарихшылар мен журналистерге бастан кешкенін айтып берді. Елімнің егемендігін көрдім, сол жетеді деп отыратын, 2003 жылы өмірден озды», - деді Нұржиян Сатқалиқызы.
«2002 жылы Амангелді Шахиннің «Сол бір сүргін» кітабын оқығаннан кейін көркем дүние жазу ойыма келді. Көпке созылған ой-толғаныстан кейін соның сәті биыл ғана түсті. Мұның Алашорданың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны да, сірә, тегін болмас. Оқиға болған жерлерді көріп, соның бәрін басымнан өткізгендей, жүрегіммен сезіндім. Кітаптың суретін шебер салған Бекжан Жұмабаевқа, алғаш болып қолдаған Жантас Сафуллин, басқа да азаматтарға ризамын», деді кітап авторы Мұнайдар Балмолда.
Айта кетейік, азаттық үшін алысып, соттағы ақырғы сөзінде «Қазақ халқы бәрібір бостандық алады!» деп айтарын айтып кеткен ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов 1941 жылғы желтоқсанда тұтқындалып, ату жазасына кесілсе, басқалары әр түрлі мерзімге сотталып, жер аударылды.