Оралда ондаған адамды сазға отырғызып кеткен алаяқ ұсталды
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған алаяқ «Olx» жарнама агенттігіне «корпусты жиһаздар дайындаймын» деп хабарландыру береді. Оның бұл қызметіне сенген қарапайым тұрғындар үйіне шақырады. Айлакер жиһаздың өлшемін алып, дизайнымен келісіп, алдын ала ақысын алғаннан кейін ізім-қайым жоқ болып кетеді.
Батысқазақстандық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында осы іске қатысы бар 1988 жылғы Игорь Солодовниковты құрықтады. Қазіргі кезде оның ондаған адамға келтірген шығыны анықталуда. Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған И.Солодовниковке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөліміне сәйкес (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, өңірде алаяқтық көбейіп отыр. Алаяқтардың бірі «пәтер әперуге көмектесемін» деп алдаса, екіншісі қарызға ақша алып, қайтармайды. Үшіншісі «пластикалық терезе салып беремін» немесе «жиһаз жасап беремін» деп, кейін ізім-ғайым жоғалады.