Орал қаласында бір қабатты өнер мектебінің төбесі өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 2 қазан күні Деркөл кентінде болған.
«Сағат 17.46-да Н.Башмаков көшесі 6-мекенжайда 5 қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан №1 өнер мектебі ғимаратының шатырында рубероидты төсеу кезінде газ қоспасы жарылған (қираусыз). Жалын шамамен 40 шаршы метрді шарпыған. Өртке 3 ранг беріліп, оқиға орнына ТЖ департаментінен 48 адам және 9 техника жетті. Оқиға орнына жеткен кезде 3 ранг расталмады, департаменттен 9 адам 2 техника жұмыс істеді. Олардың жедел әрекет етуі нәтижесінде өрттің өршуіне жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жау сағат 18.00-де оқшауланып, 18.15-те ауыздықталды. Келтірілген шығын, өрттің шығу себебі анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 175 тонна пішен өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).