Онда «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директоры Тұрлыбек Мұсабаевтың мәлім еткеніндей, қала құрылысын жоспарлау жүйесі мемлекеттік, салалық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып, аумақтарды дамыту бағытында шешімдер қабылдаған кезде маңызды тетік болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңіраралық кооперацияны дамыту міндетін алға қойды, бұл, сөз жоқ, елдің ішінде шикізат ресурстарын сату есебінен қазақстандық үлестің артуына ықпал етеді. Осы орайда бір апта бұрын Ақтөбеде инвестициялық форум өтіп, онда өңірлер арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Былайша айтқанда, өнімдерді тікелей жеткізген жағдайда делдалдар қызметі қажетсіз болып қалады әрі өнім бағасы 30-40 пайызға арзандайды. Оған қоса өңірлерде белгілі бір өнімді тұтыну көлемі ескеріледі, яғни оның шамадан тыс артып кетуіне жол берілмейді.
Тағы бір ескеретін жайт, өндірістің салааралық балансы жөнінде дәл де нақты деректерді жинамайынша, өндірістік қуатты кешенді пайдалану және өңірлерде жаңа өндіріс орындарын тиімді орналастыруға қатысты ұтымды аймақтық саясатты жүргізу қиын. Бұл ретте 2014 жылы өңірлердегідей, аудандар деңгейінде де осындай деректерді жинау жөнінде заңнамаға өзгерістер енгізілді. Ал мұндай деректер аудандық жоспарлау жобасын жасаған кезде ескерілетін болады.
Мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау мен кадастрлық жүйені қалыптастыру сондай-ақ елді мекендерді дамытуды кешенді басқару мен жылжымайтын нысандар мен коммуникациялар туралы деректерді ескере отырып, құрылыс аумағына мониторинг жасау үшін өңірлік мемлекеттік органдарды ақпараттармен қамтамасыз етіп отырады.
Күні бүгін кадастрдың базалық деңгейі Алматы, Астана және Орал қалаларында құрылған. Т.Мұсабаевтың осы сапары барысында аталмыш республикалық мекеменің БҚО-да филиалын ашу мәселесі де шешілмек.
Кеңесте «Astana-Project» ЖШС директоры Әсемгүл Әміркенова өңіраралық кооперацияны дамыту туралы өз ойларымен бөлісті. Жиынға қатысушылар да өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, осындай кездесулер бұған дейін Көкшетау, Ақтау және Тараз қаласында ұйымдастырылған болатын.