Оралда оралмандар мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізілді

ОРАЛ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 11-інде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жоғары оқу орны және шетелдегі қазақ ұлтының өкілдері:өзара қарым-қатынастың болашағы, тәжірибесі және өзекті мәселелері» деген тақырыпта өткен халықаралық конференцияға Ресей, Монғолия, Өзбекстан мемлекеттеріндегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері мен өкілдері және еліміздің өзге облыстарынан келген оқытушы-ғалымдар, ішкі саясат, көші-қон саласы қызметкерлері қатысты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда атажұрттан жырақта жүрген қазақ жастарын елге шақырып, оқыту, оралмандардың мамандық алуына жағдай жасау мәселелері әңгіме арқауына айналды. БҚО бойынша көші-қон департаментінің бастығы Ғабдырашит Қарменовтің айтуынша, қазір өңірде 3279 оралман отбасы бар. Олар қала маңы мен Ақжайық, Зеленов, Бөрлі, Теректі, Тасқала аудандарында қоныстанған. Оралмандарды толғандыратын басты екі мәселе бар, бұлар - оларды тұрғын үймен және тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Шетелдік жастар мен оралмандардың білім алуы үшін дайындық бөлімі аталмыш университетте бұдан үш жыл бұрын ашылған болатын. Университет ректоры Қазыбай Бозымовтың сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін мұнда Ресей, Өзбекстан, Монғолия елдерінен келген 202 жас білім алса, соның 130-ы мемлекеттік білім гранттарын иеленген. Тыңдаушыларға барлық қажетті жағдай жасалған. Бұрын Қазақстанда білім алуға ынта білдіргендердің көпшілігін өзбекстандық және монғолиялық қазақ жастары құраса, соңғы кезде көршілес Орынбор, Самара, Саратов облыстарындағы қандас бауырлардың үлес салмағы артып келеді.