ОРАЛ. ҚазАқпарат - 23 қазан күні сағат 04.39-да «Строитель» шағынауданы, 35 мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер өртеніп жатқаны жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт сөндірушілер жедел жеткен кезде 1-қабаттағы пәтер балконында терезе жақтаулары мен жеке заттар жанып жатқан. Оқиға орнынан ес-түссіз жатқан азамат құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Сондай-ақ жоғары қабаттардан барлығы 17 адам шығарылды, олардың үшеуі - балалар. Сағат 05.22-де өрттің таралуы тоқтатылып, 06.30-да толықтай сөндірілді.
Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.
Айта кетейік, өрт сөндірушілердің жедел қимылы арқасында «тілсіз жаудың» көрші пәтерлерге таралуына жол берілген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).