ОРАЛ. ҚазАқпарат -Оралдың тұрғын үй секторында бір күнде екі өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, таңғы сағат 05.51-де «Строитель» шағынауданындағы 43-үйдің 82-пәтерінен өрт шыққаны жөнінде хабар түскен. Үй иесі құтқарылып, 20 адам (үшеуі - балалар) қауіпсіз жерге шығарылған. Өрт аумағы 10 шаршы метрді шарпыды. Үй иесінің жеке заттары, балкон жанған. Жалын сағат 07.16-да сөндірілді.
Сонымен қатар сағат 09.27-де Қ.Аманжолов көшесіндегі 141-үйдің 51-пәтерінде жеке заттардың жанып жатқаны туралы хабарланған. Тілсіз жау 10.17-де ауыздықталды. Мұнда сегіз адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 4 техника, 11 адам жұмылдырылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).