ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда орталық алаңның біріне қабан кіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық полиция басқармасы 19-учаскелік полиция бекетінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ақылбек Бисеновтің айтуынша, оқиға 28 қазан күні шамамен сағат 23.00-де тұңғыш Президент алаңында болды.
Тұрғындардан алаңда жабайы қабанның «серуендеп» жүргені жөнінде 102 телефонына хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция тобы табельдік қаруды қолданбай, қабанды ақырындап орманға шығарып жіберген.
«Қабаннан көлік, адамдар зардап шеккен жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Бисенов.
Еске сала кетейік, өңірде осындай үшінші оқиға тіркеліп отыр. Бұдан бұрын БҚО-да ауылға қабан кіріп кеткен болатын. Ал содан кейін полицейлер тағы бір қабанды атып өлтіруге мәжбүр болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).