ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйдегі өрт салдарынан ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнес мәлім еткендей, оқиға 28 желтоқсан күні Ақтөбе көшесі, 47 мекенжайында болған.
Сағат 16.36-да 1-пәтерде өрт болғаны жөнінде хабар түскен. Өрт аумағы 20 шаршы метрді қамтыды.
Өрт сөндірушілер келгенге дейн тұрғындар 44 жастағы ер адамды алып шықты. Алайда ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.
Өлім себебі анықталып жатыр. Марқұмның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
«Тілсіз жау» сағат 17.46-да ауыздықталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылағандай, жедел жәрдем сағат 16.43-те шақырылды.
Оқиға орнында тергеу тобы жұмыс істеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үйдегі өрт салдарынан газдан уланған үш адамның ауруханада жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).