ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жаңа жылдық демалыс күндері бірнеше өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, 1 қаңтар күні Оралдағы 2-саяжай аумағы «Автомобилист» саяжай қоғамдастығындағы үй түгелдей өртеніп кеткен. Өрттің жалпы ауданы 20 шаршы метрді қамтыған. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер адам сүйектерінің бөліктерін тапқан.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, сүйек қалдықтары сараптамаға жіберілген. Әзірге ол туралы нақты айту қиын.
31 желтоқсан және 1 қаңтар күні Оралда бірнеше жану оқиғалары тіркеліп, ал Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында үюлі тұрған пішен отқа оранды.
Айта кетейік, жаңа жылдық демалыс күндері департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі күшейтілген қызмет түріне (жеке құрамнан 230 адам және 59 техника) көшіріліп, жұмыс жасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).