ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін тұрғын үйдегі өрт салдарынан ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, С.Есқалиев көшесі 178-мекенжайындағы қос қабатты үйдің 8-пәтерінде өрт болып жатқаны жөнінде сағат 01.55-те хабар түскен.
Екінші қабаттағы өрт аумағы 50 шаршы метрді қамтыған. Өрт сағат 02.43-те сөндірілген. Оқиға орнынан 1972 жылғы ер азаматтың мүрдесі табылған.
Қазіргі кезде өрттің мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұдан бір күн бұрын, 6 мамыр күні сағат 14.13-те Сырым ауданы Жымпиты ауылдық округі Первомай елді мекенінде мал ұстауға арналған аумағы 924 шаршы метр қора-қопсының төбесі жанған. Өрт 17.19-да толықтай ауыздықталған. Мұнда зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша от электрмен пісіру жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудан шыққан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).