ОРАЛ. 30 маусым. ҚазАқпарат - 29 маусым күні «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалында «Отаныңды қазақ тілі арқылы таны» атты кітаптың таныстырылымы болды.
Кітап Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ұйымдастыруымен «ИНФОРМБИРЖА news» газетінде жарық көрген мақалалардан құрастырылған. Кітапта Мәжіліс депутаты Виктор Киянскийдің тіл мәселелеріне арналған толғамы да енгізілген. Аталмыш газеттің шеф-редакторы Сергей Кульпиннің басшылығымен шыққан кітаптың таралымы - 500 дана.
Таныстырылымға қатысушылар, этномәдени бірлестіктер өкілдері атап өткеніндей, кітап мазмұндылығымен, танымдық жағынан тартымдылығымен ерекшеленеді. Олар күнделікті өмірде мемлекеттік тілді белсенді қолданып, тілдік орта жасау қажет деген ортақ тоқтамға келді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, этномәдени бірлестіктер мүшелерінің қатысуымен өтетін мәжілістерді мемлекеттік тілде өткізетін күн де алыс емес.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).